«Дәнекерлеу ісі», «Электр жабдықтары» және «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану» мамандықтары бойынша апталық өткізілді

Индер көп бейінді ауыл шаруашылық колледжінде перспективалық жоспарға сай ұйымдастырылған «Дәнекерлеу ісі», «Электр жабдықтары» және «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану» мамандықтары бойынша апталық аясында «Дәнекерлеу ісі» мамандығының арнаулы пән оқытушысы Ж.Хамитов «Жас маман» жобасы аясында алынған «КЕМПИ-350А жартылай автоматты дәнекерлеу аппаратының» және аталған мамандықтың өндірістік оқыту шебері Е.Утеуов «КЕДР-250А» жартылай автоматты дәнекерлеу аппаратының» құрылысы мен жұмыс жасау технологиясын студенттерге презентация арқылы практикалық сабақта түсіндірді. Сонымен қатар «Дәнекерлеу ісі» мамандығының арнаулы пән оқытушысы Ж.Хамитов пен өндірістік оқыту шебері Т.Серіктің ұйымдастыруымен “Үздік дәнекерлеуші-2022” сайысы өткізілді. Worldskills стандарттарына негізделген сайысқа аталған мамандықтың ІІІ курс студенттерінен 4 студент қатынасып, сайыс жоспарына сәйкес тест сұрақтарына жауап беріп, әрбір қатысушы қолмен электр доғалы дәнекерлеу арқылы берілген тапсырма бойынша қорап құрастыру модулі бойынша практикалық жұмысты орындады. “Атамекен” кәсіпкерлік палатасының Индер аудандық филиал директоры Д.Сагингалиев, жеке кәсіпкерлер А.Юсуп пен С.Измагамбетов сарапшы ретінде сайысқа баға берсе, колледж түлегі, дәнекерлеуші мамандығы бойынша қызмет атқарып жүрген А.Құттыбаев қатынасты. Сайыс кезеңдерінің нәтижесі бойынша 03-к-Дәнекерлеу ісі тобының студенті Алмашев Ермахан жеңімпаз болып танылып, облыстық Worldskills чемпионатына жолдама алды. Сайыс соңында дәнекерлеуші мамандығы бойынша қызмет атқарып жүрген А.Юсуп “Жас маман” жобасы бойынша алынған Brima, Kempi дәнекерлеу аппараттарымен шеберлік сағатын көрсетті.

Апталық аясында «Электр жабдықтарына қызмет көрсету электромонтері» мамандығының өндірістік оқыту шебері Сахиев Райымбек Талгатовичтің жетекшілігімен «Күштік электр қондырғыларын монтаждау» тақырыбында 02-к-ФШ-Э тобы студенттеріне практикалық сабақ өткізілді. Топ студенттері сабақ барысында түйме станциясында блоктауы бар реверсивті магнитті стартердің көмегімен электр қозғалтқышының коммутациялық тізбегін орнату, электр сымдарының трассаларын, ажыратқыштарды, розеткаларды және шамдарды орындарын белгілеу, электр құралдарымен жұмыс істеу процестерін орындады. Сонымен қатар, апталық жоспарына сәйкес «Ғимараттар мен құрылыстардды салу және пайдалану» мамандығының өндірістік оқыту шебері Салахадинов Нурсултан Каиргалиевичтің жетекшілігімен даяр маман болуға сенімділігі, еңбекке баулу Сылау жұмыстарын орындау, жұмысты ұқыптылықпен жасау мақсатында  «Трафаретпен қабырғаны бояу» тақырыбында студенттерге шеберлік сынып өткізілді.

Жоспар бойынша «Электр жабдықтарына қызмет көрсету электромонтері» мамандығының арнаулы пән оқытушысы Маңғыт Сағидолла Сайынұлының жетекшілігімен «Электрді пайдалануды дамытуда ғылыми пәндердің байланысы» тақырыбында «Қызық екен» ойыны өткізілді. Ойын барысында 02-к-ФШ-Э тобы студенттерінен құралған «Амперметр» және «Вольтметр» топтары жаратылыстану, тарих, ағылшын тілі, физика, математика, химия пәндері бойынша мамандықпен байланыстырылған сұрақтарға ұтымды жауап бере алды.


Жарияланды: 23.02.202214:32

Автор: