«Тамақтандыруды ұйымдастыру» және «Есептеу техникасы және ақпараттық желілер» мамандықтары бойынша апталық
«Тамақтандыруды ұйымдастыру» және «Есептеу техникасы және ақпараттық желілер» мамандықтары бойынша апталық аясында колледжде апта бойына “Тамақтандыруды ұйымдастыру” мамандығының студенттері дайындаған “Аспаздық өнімдер көрмесі” тақырыбында жәрмеңке ұйымдастырылып өткізілді.
І курс “Тамақтандыруды ұйымдастыру” мамандығында арнаулы пән оқытушысы Г.Әжігереева мен өндірістік оқыту шебері Ж.Өтепқалидың ұйымдастыруымен “Аспаздық әлемінде” тақырыбында топтық сайыс өткізілді. Алғашқы кезең бойынша “Шеф”, “Аспаз” және “Жемістер” топтары өздерін, ұрандарымен таныстырып, келесі кезеңдерде “Майлықпен безендіру”, “Кім білгір?” сұрақ-жауап, “Қолөнер бұйымы” (мамандықпен байланысты) және “Кім шапшаң?!” қамыр жаюдан сынға түсті. Әр кезең бойынша студенттер білімдерін, мамандыққа деген қызығушылықтарын көрсете білді.
«Есептеу техникасы және ақпараттық желілер» мамандығының 10 ай мерзімде білім алатын студенттерімен өндірістік оқыту шебері А.Бактыгерееваның ұйымдастыруымен “Ақпараттық құралдарды баптау және орнату” тақырыбында тәжірибелік сабақ өткізілді. Тәжірибелік сабақ барысында студенттер процессордың жұмысын баяулатып, кедергі келтіретін шаңнан тазарту және қайтадан іске қосып антивирустық бағдарламаны орнатып, тексеру жұмыстарын орындады.
Апталық аясында«Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығының ІІ курс студенттерінің қатысуымен өндірістік оқыту шебері А.Кунасованың ұйымдастыруымен “Кондитерлік жекпе-жек” тақырыбында сайыс өткізілді. Сайыс барысында студенттер коктейль, салат дайындап құрамы мен жасалу жолын түсіндіріп және жеміс-жидектен карвинг, үй тапсырмасы – ұннан жасалатын тағам дайындау кезеңдері бойынша өздерінің білімдері мен біліктіліктерін жақсы нәтижеде көрсете алды.